Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда Ұлы Отан соғысының ардагері Жұма Медетовке арналған мемориалдық тақта ашылды

Атырауда Ұлы Отан соғысының ардагері Жұма Медетовке арналған мемориалдық тақта ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласында 17 қазан күні Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, милиция полковнигі Жұма Медетовке арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шараға Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Биғамбаев, ардагердің ұл-қыздары — Серік Жұмиев пен Раушан Медетова, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Медетовтер әулетінің өкілдері және Құрметті ардагерлер қатысты.

Шара барысында қатысушылар Жұма Медетовтің елге сіңірген еңбегін, соғыстағы ерлігін және ішкі істер саласындағы қызмет жолын еске алып, батыр рухына тағзым етті. Мемориалдық тақтаны ашу рәсімін Ерлан Биғамбаев пен құрметті қонақтар бірге жүзеге асырды.

Жұма Медетовтің өмір жолы — Отанға адал қызмет етудің, ерлік пен еңбекқорлықтың айқын үлгісі. Ол 1920 жылдың 1 сәуірінде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Төлен ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысып, Орталық, Украин және Беларусь майдандарында ерлікпен шайқасқан. Соғыстан кейін ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет етіп, Гурьев облыстық милиция басқармасында түрлі басшылық лауазымдарды атқарған.

Ардагердің ерлігі мен еңбегі жоғары бағаланып, ол "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін, "Жауынгерлік еңбегі үшін" медальдарымен және басқа да мемлекеттік марапаттармен наградталған.

Мемориалдық тақта ардагердің өзі тұрған үйдің қабырғасына — Атырау қаласындағы Сатпаев даңғылына орнатылды.

Елге еңбегі сіңген батыр тұлғалардың есімі, олардың ерлігі мен өнегелі өмірі — әрдайым ұлт жадында сақталып, жас ұрпаққа үлгі болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру