Атырауда "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында 20 мыңға жуық оқушыға құқықтық дәріс оқылды
Атырауда "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында 20 мыңға жуық оқушыға құқықтық дәріс оқылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғам алдындағы ең өзекті міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бүгінде бұл мәселе күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың біріне айналды.
Осыған орай Дінмұхаммед Қонаев атындағы Binom school мектеп-лицейінде оқушылар мен студенттердің қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Шараға өзге де білім беру ұйымдары онлайн форматта қосылып, нәтижесінде барлығы 20 мыңға жуық жасөспірім құқықтық сауаттылыққа қатысты дәріс тыңдады. Жиын барысында заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және өз құқықтарын қорғаудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Кездесуге Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Биғамбаев, жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Орынгүл Кушкалиева, облыс прокурорының аға көмекшісі Оралбек Хамит, Атырау қалалық мәслихат депутаты Айжан Сарсембаева және департамент қызметкерлері қатысып, жас буынға құқық бұзушылықтың себептері мен оны болдырмау жолдары жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Сондай-ақ құқықтық білу мен оны қорғаудың маңызы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар республикалық "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткен кездесуде интернет-алаяқтықтарының түрлері мен одан сақтану тәсілдері, есірткінің зияны мен қауіптілігі, қаруды заңсыз сақтау салдары туралы түсіндірілді. Дінді теріс пайдалану мен заңды бұзудың жауапкершілігі де кеңінен айтылды.