Атырауда заңсыз айналымнан 2 келі бекіре уылдырығы тәркіленді
Атырауда заңсыз айналымнан 2 келі бекіре уылдырығы тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
18 сәуір күні Атырау облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері республикалық “Бекіре-2025” профилактикалық іс-шарасы барысында бекіре тұқымдас балығының уылдырығын заңсыз тасымалдаған әйел адамды анықтады.
Әйел адам қаладағы қонақ үйлердің бірінің маңында ұсталды. Жеке тінту барысында қолында қара полиэтилен дорбасынан 4 пластикалық ыдысқа салынған бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы табылып, тәркіленді.
Табылған уылдырықтың жалпы салмағы 2,006 кг құрады. Қазіргі уақытта соттық-биологиялық және тауартанушылық сараптамалар тағайындалды.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігі бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.