Атырауда жалған нөмір таққан жүргізуші анықталды
Атырауда жалған нөмір таққан жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика көлемінде 8-10 қаңтар күндері аралығында "Жалған нөмір" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Іс-шара барысында полицейлер Mercedes жалған мемлекеттік нөмір таққан азаматты анықтады.
Аталған автокөлік жүргізушісіне заңсыз әрекеті үшін Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, тиісті шаралар қабылданып, іс материалдары Атырау қаласының мамандандырылған сотына жолданды. Сот шешімімен жүргізуші 1 тәулікке қамауға алынып, 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Ал, іс-шараның үш күнінде барлығы 224 дерек тіркеліп, 17 көлік айып тұрағына жеткізілді.
Полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне кез келген өзгеріс енгізу заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескеруді сұрайды. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік — әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ережеге бағыну — өз өміріңізге және айналаңыздағы адамдарға деген құрметтің белгісі.
