Атырауда “Жас сақшы” полиция сыныбының оқушыларына ерлік сабағы ұйымдастырылды
Атырауда “Жас сақшы” полиция сыныбының оқушыларына ерлік сабағы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атыраудағы “Жас сақшы” полиция сыныбының оқушыларына ІІМ ардагері, отставкадағы милиция майоры Аманжол Наубетжанов және Атырау облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бөлім бастығы Ғалымжан Сембаев ерлік сабағын өткізіп, жастарға әдептілік пен жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндірді.
Аманжол Наубетжанов өз қызметінде жинаған көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, полиция қызметінің ерекшеліктері жайлы айтып өтті. Ол ішкі істер органдарындағы адалдық, тәртіп, кәсіби шеберлік пен төзімділіктің маңыздылығын атап өтіп, қызмет барысында кездескен ерекше оқиғаларынан мысалдар келтірді. Сонымен қатар болашақ тәртіп сақшыларының сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңестерін айтты.
Ал Ғалымжан Сембаев өз сөзінде жас сақшыларға кәсіби біліктілікті арттырудың, өз ісіне адал болудың, сондай-ақ өзгелермен дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау қажеттігін еске салды.
Мұндай ерлік сабақтары болашақ құқық қорғау қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, олардың тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарасын нығайтуға ықпал етеді. Полиция қызметінде тәртіп пен адами құндылықтар қатар жүруі қажет. Осыған ұқсас кездесулер жас буынның құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың патриоттық рухын да көтереді.