Атырауда жас спортшыларға интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
Атырауда жас спортшыларға интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 50-ден астам жас спортшымен профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шара барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан қорғану жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – спортпен тұрақты түрде шұғылданып, түрлі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына белсенді қатысатын жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін арттыру. Қазіргі таңда жас спортшылар да әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді жиі пайдаланады, сондықтан түрлі күмәнді ұсыныстар мен алаяқтық хабарламаларға тап болу қаупі жоғары.
Іс-шара барысында полиция қызметкері интернет арқылы жасалатын қылмыстардан сақтану тәсілдері, сондай-ақ алаяқтардың арбауына түскен жағдайда қандай әрекет жасау керектігі туралы нақты мәліметтер берді. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері аталып, қылмыскерлер жиі қолданатын әдістерге мысалдар келтірілді. Әсіресе жалған инвестициялық жобалар, «фишинг» сілтемелер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер кеңінен түсіндірілді.
— Атырау облысында жыл басынан бері мыңнан астам қылмыс тіркелді. Алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook сияқты әлеуметтік желілер арқылы адамдарды алдап, ақша бопсалауға тырысады. Кей жағдайларда шетелдік нөмірлерден немесе жалған аккаунттар арқылы хабарласып, азаматтардың сеніміне кіріп кетеді. Сондықтан жас спортшылар бейтаныс адамдардан келген күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарауы қажет, — деді киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Дәурен Мұханбеталиев.
