Атырауда жасөспірімдер алғашқы жеке куәліктерін алды
Атырауда жасөспірімдер алғашқы жеке куәліктерін алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Конституцияның 30 жылдығына орай Атырау қаласында 16 жасқа толған жасөспірімдерге алғашқы жеке куәліктерді табыстау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күн – жас азаматтардың өміріндегі ерекше әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды.
Алғашқы ресми құжаттарды жасөспірімдерге тәртіп сақшылары табыстап, олардың азаматтық мәртебесіне жаңа қадам жасағанына куә болды.
— Жеке куәліктің алғаш рет берілуі – әрбір адамның өміріндегі маңызды белес. Бұл жастардың құқықтық мәртебесін айқындап қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін күшейтеді. Жеке куәлік – тұлғаның жеке басын растайтын алғашқы ресми құжат. Ол – ересектікке жасалған алғашқы қадам әрі жаңа өмірдің бастауы. Осындай сәтте жасөспірімдерге қолдау көрсетіп, жанынан табылу біз үшін үлкен мәртебе, – деді тәртіп сақшылары.
Көші-қон қызметі жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік рәміздер мен ресми құжаттарға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.