Атырауда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті
Атырауда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Өскелең ұрпақтың заң талаптарын құрметтеп, қоғамда өзін дұрыс ұстауы – ортақ міндет.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов Дінмұхаммед Қонаев атындағы Binom School мектеп-лицейінің білім алушыларымен еркін форматта кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң талаптарын түсіндіру.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасында орын алатын құқық бұзушылық түрлері, олардың қоғам мен жеке тұлғаға тигізер зардаптары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау әдебі, қауіпсіздік қағидаларын сақтау, интернет кеңістігіндегі жауапкершілік мәселелері де сөз болды. Жиын соңында оқушылар көкейіндегі сауалдарын қойып, нақты әрі түсінікті жауаптар алды.
- Жасөспірімнің дұрыс бағытта қалыптасуы үшін ата-ана, ұстаз және полиция қызметкерлері бірлесе әрекет етуі қажет. Сонда ғана құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз, – деді Құттыбай Садықов.
