Атырауда жастарға арналған құқықтық квест ұйымдастырылды
Атырауда жастарға арналған құқықтық квест ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысының полиция департаменті, Ішкі саясат басқармасы және Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының бірлесуімен "Заң және тәртіп" қағидаты аясында ерекше форматтағы "Заң жолы" атты құқықтық квест өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға деген құрметті қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік сезімін нығайту.
Квестке 14 пен 20 жас аралығындағы жастардан құралған, әрқайсысы 4 адамнан тұратын 5 команда қатысып, өзара білімдері мен қабілеттерін сынға салды. Қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындап, қылмысты ашу, айғақтарды анықтау, заң аясында әрекет ету сияқты маңызды дағдыларын көрсетті. Сонымен қатар құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік тақырыптарына қатысты білімдерін де ортаға салды.
Бұл квест тек ойын түрінде өткен шара ғана емес, жастарға құқықтық білім мен патриоттық рух сыйлаған тәрбиелік мәні зор жоба болды. Шара соңында үздік шыққан командалар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.