Атырауда жазаларын өтеп жатқан сотталғандар аналарын құттықтады
Атырау облысы бойынша ҚАЖД қарасты УГ-157/1мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар Халықаралық әйелдер күніне орай аналарын құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мереке қарсаңында түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталған азаматтар арасында ең үздік құттықтауға байқау жариялады. Сотталғандардың бірі анасына арнап сурет салса, енді бірі өлең шумақтарын арнады. Ең әсерлі құттықтауды есірткі сатқаны үшін сотталған Андрей жазды. Ол өз хатында өзінің қылмысына өкінетінін, анасы үшін бостандыққа тезірек шығуға тырысатынын айтқан.
– Оңай жолмен көп ақша тауып, екеумізге жақсы өмір сыйлағым келді. Алайда, бұл ойым қате болғанын, тек түрмеде түсіндім. Қазір жалғыз қалдыңыз, алайда 8 наурыз күні достарым менің сыйлығымды жеткізетін болады, – деді Андрей анасына арнаған хатында.
Ал ұрлық жасағаны үшін сотталған Бауыржан келесі жылы көктем мерекесін анасымен бірге қарсы алатындығын, сол кезде оған түрмеде өткізген үш жылы үшін 300 дана гүл сыйлайтынын айтты.
Қарақшылық үшін төрт жыл арқалаған тағы бір сотталған өмірден өткен анасын есіне алды.
– Мен түрмеде болғанда сіз өмірден өттіңіз. Сол үшін өзімді өмір бойы кешіре алмаймын. Бұл жерден шыққаннан кейін бейітіңізге барып, қалған өмірімді сіздің армандарыңызды орындауға арнаймын, – деп жазды сотталған азамат.
Байқауға қатысқан сотталғандар мекеме әкімшілігі тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.