Атырауда ЖКО жасап, оқиға орнынан қашып кеткен әйел анықталды
Атырауда ЖКО жасап, оқиға орнынан қашып кеткен әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 қазан күні сағат 02:40 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына Бірлік мөлтек ауданында орналасқан электр бағанасына көлік соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткендігі жөнінде хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері Toyota Alphard маркалы көлік кұралының жүргізушісінің жол-көлік оқиғасын жасап, электр бағанасына соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткендігін анықтады.
Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде Toyota Alphard маркалы автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісін анықтады. Ол өзінің жол-көлік оқиғасын жасағаннан кейін қорқып, оқиға орнынан кетіп қалғандығын айтып, өз кінәсін толықтай мойындаған.
Аталған азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нiң 610-бабының 1-бөлігімен және ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттамалар жасақталып, автокөлік арнайы тұраққа қойылып, жинақталған ic-құжаттар әрі қарай шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
– Атыраулық полицейлер жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуға және жол қауіпсіздігі ережесін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға, қашықтықты сақтауға, ең бастысы мас күйде көлік басқармауға, ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан кетпеуге кеңес береді, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.