Атырауда жыл басынан бері 750-ге жуық мас жүргізуші анықталды
Жыл басынан бері Атырауда 750-ге жуық мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында жыл басынан бері 732 жүргізуші мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, 17 қарашада түнгі сағат 02:55 шамасында Х.Досмұхамедов көшесінде күдік тудырған Hyundai Elantra автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде көлік басқарғаны анықталды. Ал 18 қараша күні таңғы сағат 05:00 шамасында Сәтпаев көшесінде Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі дәл осындай заң бұзушылық жасаған. Өткен апта ішінде осындай 12 жүргізуші, соңғы бір ай ішінде 23 жүргізуші анықталды.
— Мас күйінде көлік жүргізу – жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен қатерлердің бірі. Апаттардың алдын алу үшін рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әрбір анықталған заң бұзушылық – ықтимал апаттың алдын алу. Барлық жол қозғалысына қатысушыларды жауапкершілікпен қарауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз, – деді Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының капитаны Азамат Нәжімеденов.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.