Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 600-ден астам шетелдік азамат анықталды

Атырауда жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 600-ден астам шетелдік азамат анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

3-17 желтоқсан аралығында республика көлемінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонның алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу қағидаларын бұзу деректерін анықтау мақсатында "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері шетелдік азаматтардың өңір аумағына келу тәртібін, олардың Қазақстан Республикасындағы шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнама талаптарын сақтауын қатаң бақылауға алды. Сонымен қатар ішкі істер органдарында уақтылы тіркелмеген, көші-қон талаптарын бұзған заңсыз көшіп-қонушыларды және құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Рейд барысында тұрғын үйлер, құрылыс нысандары, базарлар мен еңбек мигранттары көп шоғырланатын орындар тексеріліп, көші-қон тәртібін бұзу деректері анықталуда. Заң талаптарын сақтамаған шетелдік азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, материалдар сотқа жолдануда.

Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысы аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 600-ден астам шетелдік азамат анықталып, сот шешімімен олар Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру