Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атыраудағы патриот полиция қызметкерінің бір күні

Қоғамда білім, мәдениет пен тіл бірліктің негізгі тіректеріне айналған кезеңде патриотизмді тек ұлтпен емес, жүрекпен өлшейтін адамдардың орны айрықша. Солардың бірі — Атырау облысы полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Виталий Любин туралы Polisia.kz сайты аз-кем баяндамақ.

Атырауда дүниеге келіп, қазақы ортада өскен ол мемлекеттік тілді ешқашан өзіне жат санаған емес. Қазір Виталий мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қызметте де, күнделікті қарым-қатынаста да қазақша ой бөліседі.

Полиция формасын кию де кездейсоқ таңдау емес. Әскерден кейін оған түрлі мүмкіндіктер ашылса да, жүрегі полиция қызметін таңдаған. Тіпті Ішкі істер органдарына келгенге дейін бір ай бойы облыстық телеарнада жаңалық жүргізгені де бар. Бұл тәжірибе адамдармен байланыс орнатуда және өз ойын анық жеткізуде үлкен көмек көрсеткен.

- Қызметке келгеннен бері бір күн де өкінген емеспін — бұл менің саналы таңдауым, жүрегіме жақын сүйікті ісім, — дейді Виталий Любин.

Виталий үшін полиция қызметкері болу — тек тәртіпті қадағалау емес, халық пен мемлекет арасындағы маңызды байланыс болу деген сөз. Оның ерекшелігі — адамдарды шынымен тыңдай білуі және олардың жан дүниесіне назар аударуы. Қазақ тілін меңгеруі оған жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, халықтың сенімін арттырады.

- Тіл — жай ғана формалдық емес. Бұл ең алдымен адамға, оның тарихы мен мәдениетіне деген шынайы құрмет. Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін, өйткені тілді меңгеру — сол халыққа деген ілтипаттың белгісі, — дейді ол.

Виталий Любин қазақ халқының дәстүрін, ұлттық мерекелерін құрметтеп, тіл мен мәдениетті қолдауды өзінің азаматтық позициясы деп санайды. Әріптестері де оның адамды шыққан тегіне қарай бөлмейтінін, ең алдымен адалдық пен кәсібилікті бағалайтынын айтады. Сол қасиеттер оның айналасында сенім мен сыйластыққа толы ортаны қалыптастырады.

Қызметте 19 жылдан бері ол бір қағиданы берік ұстанып келеді: "Жауапкершілік алдым — соңына дейін жеткіземін". Тәртіптілігі, сөзінде тұруы, өзіне қатаң талап қоюы оны әріптестерінің арасында ерекше сыйлы етеді. Олар әзілдеп: "Тәртіп — оның қанында, ал қазақ тілі — жүрегінде", — дейді.

Виталийдің ішкі тірегі — отбасы. Жұбайы да полиция қатарында қызмет етеді, ал үш баласы қос тілді еркін меңгеріп өсуде. Виталий үшін үйдегі тәрбиеде де, қызметтегі міндетте де ортақ ұстаным бар: адамды, дәстүрді және мәдениетті қадірлеу.

Виталий Любин — қазақ тілін білу азаматтық жауапкершілік пен кемелдіктің белгісі деп түсінетін буынның өкілі. Ол — кәсіби, патриот офицердің шынайы бейнесі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру