Атыраудағы соңғы қоңырау: Көлік терезесінен денесін шығарған түлектердің ата-аналарына айыппұл салынды
Атырауда көлік терезесінен денесін шығарған түлектердің ата-аналарына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 мамыр күні қаланың барлық білім беру мекемелерінде салтанатты жиындар өтті.
– Қоғамдық тәртіпті сақтау және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іс-шараларды өткізу кезінде қалалық полиция басқармасының 200-ден астам қызметкері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп және бейнебақылау камералары арқылы қала аумағындағы алаң, парк, көшелерді қатаң бақылауда ұстады. Аталған орындарда оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлар орын алған жоқ, – деді Атырау қаласы Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Биғамбаев.
Дегенмен күшейтілген жұмыс нәтижелері бойынша полиция қызметкерлері бір күн ішінде тиым салынған жерлерде, атап айтқанда Жайық өзенінде суға шомылған 12 жасөспірімді анықтап, олардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша, сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген жеті жасөспірім анықталып, ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс болуы) бойынша және жол ережесін өрескел бұзып, терезеден денесін шығарған екі жасөспірім анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы (Көлік құралының жолаушысы қауіпсіздік белдігін тақпаған) үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, ата-аналарына 5 834 теңгеден айыппұл салынды.
Қалалық полиция басқармасы ата-аналарды немесе заңды өкілдерді оқыс жағдайлардың алдын алу үшін кәмелетке толмағандардың жазғы демалыс уақытында қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ескертеді. Ата-ананың бақылаусыздығы жасөспірімдердің құқықбұзушылық жасауының негізгі себебі болуы мүмкін.