Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атыраулық полицей балаларға ойын алаңын жасап берді

Атыраулық полицей балаларға құммен ойнау құрылғысын қолдан жасап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қала ықшам аудандарында балаларға арналған ойын орындарының аздығы, жетіспеушілігі балалар арасында оқыс оқиғаларға әкеліп соғатыны жасырын емес.

Өйткені, көп қабатты үйлердің балалары ауладағы қондырғыдан өзіне орын таппай, ауладан тыс кетіп, адасып, не құлап жарақат алып, кейде көлік жолына шығып кететін жайттар да кездесіп жатады. Сондықтан, түрлі ойын қондырғылары көп болса, аула балалары алысқа ұзамай, үй аумағында болады.

Атырау қалалық полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының инспекторы Нұрлыбек Аманхосов қызмет атқару кезінде қаладағы көп қабатты үйлердің бірінің ойын алаңында балаларға арналған құммен ойнау құрылғысы жоқ екенін байқайды. Осы сәтте Нұрлыбекке балаларға арнап құммен ойнау құрылғысын жасау туралы ой келеді. Мүмкін оған ой салған, өз бетімен көше кезіп жүретін балалардың қатысуымен болатын жол-көлік, басқа да оқиғалар ма, әйтеуір осы бір аулаға бүлдіршіндер үшін ортасы құмға толтырылған, ыңғайлы, әдемі қондырғы жасау Нұрлыбектің ойынан шықпады.

Нұрлыбектің ойын батальондағы әріптестері, қала берді  өзі қызмет атқаратын қалалық Полиция басқармасының басшылығы да қолдады.  Кезекшілікте шыққаннан соң тақтай, шеге, басқа да керекті құралдарын дайындап алып, бар ынта-ниетімен өзі ойлаған қондырғыны жасауға кірісіп кетті.

Жастайынан ағаштан небір тұрмысқа қажетті бұйымдарды әкесі жасағанда қасында көріп жүретін. Соның пайдасы тиді. Ұзамай, қондырғы да дайын болды. Нұрлыбек әріптестерінің көмегімен үй ауласына апарып, орналастырды. Бір ғана болса да бұл «құмды ойыншық» балаларға үлкен қуаныш сыйлады.

Қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген  полицей Нұрлыбек Аманхосов мұндай игілікті істі алдағы уақытта да жалғастырамын дейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру