Атыраулық полицейлер бекіре балығын заңсыз тасымалдағандарды ұстады
Атыраулық полицейлер бекіре балығын заңсыз тасымалдағандарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Бекіре – 2022» жедел-профилактикалық іс шарасын өткізу барысында Nissan Teana автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушылары заңсыз бекіре тұқымдас балықтарын тасымалдағаны туралы жедел ақпаратты тексерген.
Нәтижесінде, Атырау қаласының Полиция басқармасының патрульдік полиция инспекторлары қала көшелерінің бірінің қиылысында аталған көліктен 81,4 келі бекіре тұқымдас балығын тәркіледі. Қазіргі уақытта екі 30 жастағы, және 26 жастағы күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Атырау қаласының №1 Полиция бөлімімен ҚК-тің 339-бабының 2-бөлігімен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сәйкес жариялануға жатпайды.
Сонымен қатар, Атырау қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция инспекторлары Қараөзек ауылы тұсынан Toyota Camry көлігінің жүргізушісінен 20 келіге жуық бекіре балығын, ал Балықшы поселкесінде Ваз-2110 автокөлігінен 15 келіге жуық бекіре тұқымдас балығын тәркіледі.
Аталған фактілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы 2-бөлігімен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.