Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атыраулық полицейлер көпірден секірген жасөспірім қызды құтқарды

Атыраулық полицейлер көпірден секірген 14 жастағы жасөспірім қызды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 желтоқсан күні 22:20 шамасында «102» операторына Атырау мөлтек ауданында орналасқан көпірден белгісіз адамның секіріп кеткені туралы хабарлама түсті.

Хабарлама бойынша оқиға орнына барған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Исатай Тұрсынғалиев пен Ғалым Қалбаев суға батып бара жатқан қызды байқаған.

Уақыттың тығыздығын түсінген тәртіп сақшылары құтқаруға кірісті. Ғалым Қалбаев көліктен арқан жіпті алып, беліне байлап, қызға қарай жүзген. Арқанның екінші шетін Исатай Тұрсынғалиев ұстап тұрды. Көмекке келген әріптестері Махамбет Қабасов пен Құралбек Қалмағанбетовке ол арқанды ұстатып, Ғалым Қалбаевтың артынан суға түсті.

Тәртіп сақшылары қыз баланы 20 минут шамасында жағаға алып шықты. Ес-түссіз жатқан жасөспірімге бірден жасанды тыныстандыру жаттығуларын жасауға кірісті. Тіршілік белгілері болғанымен, қыз қатты әлсіреп қалған. Полицейлер жақын маңдағы №5 емханаға қызметтік көлікпен жол тартқан.

– Ойланатын уақыт болмады. «Шешінген судан тайынбас» дейді. Құтқарамыз деп бірден суға түстік. Су мен ойлағаннан да салқын болып шықты. Бірақ бар ойым батып бара жатқан қызды құтқару болды. Әріптесім арқанның екінші ұшын ұстап тұрды, кейін артымнан жүзіп келе жатқанын сезіп, тез қимылдап, жағаға үшеуміздің де аман-есен шығуымыз үшін барлығын жасадым. Әр секунд маңызды болды. Взвод командирі тез шешім қабылдады, жасөспірім салқын суда бізден ұзақ уақыт болғандықтан, өкпесіне зақым келмесін деп бірден емханаға жол тарттық, – деді Ғалым Қалбаев.

Дәрігерлер 14 жастағы жасөспірімге дереу көмек көрсетті. Аязды күні салқын суға жүзіп, жасөспірімді ажалдан арашалаған тәртіп сақшыларының да денсаулығын тексеріп, қажетті көмектерін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру