Атыраулық полицейлер мемлекетаралық іздеуде жүрген екі күдіктіні ұстады
Атыраулық полицейлер мемлекетаралық іздеуде жүрген екі күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Атырау қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде іздеуде жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы мен азаматшасын анықтап, ұстады – деді Атырау облысы ПД бастығы Нұрхат Оразбаев.
Олардың бірі – 55 жастағы әйел адам Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 168-бабының 3-бөлігімен, алаяқтық қылмысын жасады деген айыппен іздеуде болған.
Ал екіншісі – Жаңаөзен қаласы бойынша іздеуде жүрген 28 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы.
Ол ҚР ҚК-нің 122-бабының 1-бөлігі бойынша – он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалды сипаттағы өзге де әрекеттер жасады деген айыппен іздеуде болған.
Қазіргі уақытта 28 және 55 жастағы екі күдікті Атырау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.