Атыраулық полицейлер өрт шыққан пәтерден 30-ға жуық тұрғынды құтқарды
Атыраулық полицейлер өрт шыққан пәтерден 30-ға жуық тұрғынды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қаңтар күні сағат 17:30 шамасында Атырау қалалық Полиция басқармасының №10 учаскелік полиция бекетінің қызметкерлері Вокзал маңы, 3 мөлтек ауданындағы көпқабатты үйінің бірінші қабатынан өрт шығып жатқанын байқаған.
Басқарманың жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторлары Серік Жұмырғожиев, Ринат Игіліков пен Муса Кибашев пәтерге дер кезінде жетіп, өрт шыққан пәтерден ұйықтап қалған адамды аман-есен шығаруға тырысқан.
Тәртіп сақшылары тілсіз жаудың ортасынан 30-ға жуық пәтер тұрғынын өрттен құтқарып қалды.
Анықталғандай, аталған үйдің дәлізінен газ трубасы жарылып, өрт шыққан. Зардап шеккендер жоқ.