Атыраулық полицейлер құрылысшыларды тонап кеткен қылмыстық топты ұстады
Атыраулық полицейлер құрылысшыларды тонап кеткен қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 қазан күні сағат 03:30 шамасында белгісіз ұйымдасқан топ алдын ала сөз байласу арқылы Атырау қаласы Нұрсая мөлтек ауданындағы жаңадан салынып жатқан үйлердің бірінің екінші қабатында ұйықтап жатқан құрылысшылардың ақша қаражаттары мен ұсақ-түйек заттарын ашық түрде жымқырып, белгісіз бағытқа бой тасалаған. Келтірілген залал құны – 414 мың теңге.
Осыған ұқсас жағдай сағат сол күні 04:00 шамасында Атырау мөлтек ауданындағы құрылыс ғимараттарының бірінде де орын алған. Қылмыстық топ құрылысшылардың бірнеше бағалы құрылғылары мен ұялы телефондарын тонап, оқиға болған жерден бой тасалап кеткен. Келтірілген залал құны – 240 000 теңге.
Тәртіп сақшылары дереу жедел-іздестіру шарасын ұйымдастырып, нәтижесінде заңсыз әрекеттерді жасап жүрген төрт күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі таңда 26-31 жас аралығындағы төртеуге қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер кінәларын толықтай мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.