Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атыраулық полицейлер қызмет бабында қаза тапқан әріптестерін еске алды

Атыраулық полицейлер қызмет бабында қаза тапқан әріптестерін еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Атырау облысы Полиция департаментінде Жамбыл облысы IІД Жол полициясы жеке батальонының 1-ші взводының командирі, 10 жыл бұрын Тараз қаласында террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алу рәсімі өтті.

Батыр Ғазиз Байтасовтың есімі Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше аталары даусыз. Ол – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында «Халық қаһарманы» атағын алған алғашқы әрі жалғыз адам.

– 10 жыл бұрын ержүрек полицей ланкестің жолын кесіп, бейбіт тұрғындардың амандығы үшін өз өмірін қиған болатын. Ғазиз Байтасов осылайша антына берік қызметкер екенін танытты. Ол міндетіне адал, көзсіз ерліктің символы болып қала береді. Біздің міндет осындай ердің есімін өскелең ұрпақтың санасына сіңдіру, үлгі етіп көрсету, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Атырау облысы жол полиция қызметінің ардагерлер қызметінің төрағасы Дүйсенбек Гайсин өз сөзінде Ғазиз Байтасовтың ерлігі әрдайым жас ұрпаққа үлгі екенін, ер есімінің ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Шара барысында батыр полицейдің ерлігін дәріптеу және оқиға болған күн туралы қызметкерлерді ақпараттандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің жас сарбаздарына бейнеролик көрсетіліп, Полиция департаментінің музейінде қызмет бабында қаза тапқан ержүрек батырлар туралы жан-жақты тарихи деректері баян етілді.

Іс-шара әріптестерінің батырды еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялауымен аяқталды. ​Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болғандарға арналған мемориал тақтасына полиция басшылығымен қатар Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлері, Ішкі істер органдарының ардагерлері гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру