Атыраулық полицейлер төрт күнде 20-дан астам мас жүргізушіні анықтады
Атыраулық полицейлер төрт күнде 20-дан астам мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16-19 желтоқсан күндері аралығында Атырау қаласының аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Нәтижесінде, патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде көлік басқарған 23 жүргізушіні анықтап, барлық жүргізушілер ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, 18 желтоқсан күні сағат 01:50 шамасында патрульдік полиция қызметкерлерімен Сарықамыс мөлтек ауданы Аққайың көшесінің тұсында Lexus LX-570 автокөлігі тоқтатылып, тексеріс кезінде аталған автокөліктің 49 жастағы жүргізушісінен ішімдіктің иісі байқалаған.
Медициналық сараптаманың корытындысымен оның «жеңіл дәрежедегі» мас екендігі анықталып, аталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқарғаны үшін) әкімшілік хаттама жасақталды.
Сот шешімімен ер адам асырауында кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты әкімшілік қамаудан босатылып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 600-ге жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылды.