Атыраулық полицейлер ұрланған автокөлікті 15 минутта тапты
Атыраулық полицейлер ұрланған автокөлікті 15 минутта тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 қазан күні сағат 20:30 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының «102» операторына Орал қаласының тұрғыны қоңырау шалып, Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан BMW маркалы автокөлігін белгісіз адам заңсыз айдап кеткендігін айтып арызданған.
Аталған хабарлама бойынша бағыттама алған патрульдік полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде ұрланған автокөлікті 15 минуттың ішінде Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан дәмханалардың бірінің алдынан анықтады.
Тексеру кезінде аталған автокөлікті ұрлап жүргізіп кеткен 48 жастағы қала тұрғыны екендігі анықталды. Медициналық сараптамадан өткізу барысында азаматтың орта дәрежелі масаң күйде екендігі белгілі болды.
Аталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 200-бабымен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.