Атыраулық полицейлер жүрек инфарктіне шалдыққан тұрғынға көмектесті
Атыраулық полицейлер жүрек инфарктіне шалдыққан тұрғынға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz
19 маусым күні сағат 19:00 шамасында Алмалы поселкесі тұсынан патрульдік полиция қызметкерлеріне Нива көлігінің жүргізушісі келіп, көмек сұраған. Полиция қызметкерлері көліктің 44 жастағы жолаушысына шұғыл медициналық көмек қажет екенін түсініп дереу ауруханаға жеткізген. Көлік жүргізушісі науқастың әйелі Сандуғаш Махсотова қобалжығаннан көлік жүргізуге қиналып тұрғанын айтқан. Науқас дер кезінде ауруханаға жеткізілген соң, жүрегіне ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша инфаркт кезінде уақыттан ұтылмай, дереу медициналық көмек көрсетілгендіктен үлкен қатер артта қалған.
– Ата-анамыздың үйінен қайтып келе жатқанбыз. Күйеуім кенет көлікте демалуы қиындап тұншыға бастады. Полиция қызметкерлерінің жанқиярлықпен қызмет ететініне көзім жетті. Дәрігерлер дәл уақытында жеткіздіңіздер деді. Кейін кезекші бөлімге қоңырау шалып, бізге көмектескен полиция капитаны Жанболат Дармұқанов пен полиция аға лейтенанты Сағынтай Мыржасов екенін білдім. Осы қызметкерлерге алғысым шексіз. Адам өміріне араша болған осы қызметкерлердің ерлігін басшылық елеусіз қалдырмайды деп үміттенемін, – деді Сандуғаш Махсотова.