Атыраулық тұрғын полицияға кісі өлтірдім деп жалған хабарлама берген
Атыраулық тұрғын полицияға кісі өлтірдім деп жалған хабарлама берген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 ақпан күні сағат 12:18 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының «102» желісіне белгісіз азамат қоңырау шалып, өзінің Авангард мөлтек ауданында орналасқан үйлердің бірінде белгісіз адамды өлтіріп алғандығы жөнінде хабарлама қалдырған.
Аталған хабарламаны тексеру кезінде 33 жастағы азаматтың полицияға жалған хабар бергені белгілі болды. Наркологиялық сараптаманың қорытындысымен азаматтың «орта дәрежедегі» мас күйде екендігі анықталды.
Жалған хабар берген азамат өзінің ішімдік ішкендігінен осындай әрекетке барғандығын айтып, кінәсін мойындаған.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабының 1-бөлігімен (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) әкімшілік хаттама жасақталып, 91 890 теңге көлемінде айыппұл салынды.