Атыраулық тұрғындар ерікті түрде атыс қаруларын тапсырып жатыр
Атыраулық тұрғындар ерікті түрде заңсыз сақталып келген атыс қарулары мен оқ-дәрілерді тапсыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1-шілдеден бастап республика көлемінде халықтан заңсыз сақталудағы атыс қарулар, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталды.
Күні бүгін Атырау облысы тұрғындары өздерінің жергілікті жерлеріндегі полиция бөлімдеріне
40-қа жуық атыс қаруларын және 100-астам оқ-дәріні тапсырды. Ерікті түрде тапсырғандарға сыйақы ретінде республикалық қазынадан 1 млн 7 мың теңге төлену көзделіп отыр.
Акция барысында ерікті түрде заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапсырғандар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Акцияның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруларын қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Азаматтарға сыйақы ҚР Ішкі істер министрінің «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру қағидаларына бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес төленеді.
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Атырау облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес жарияланған карантиндік режимге байланысты, қару- жарақ, оқ-дәрілерді тапсыратын тұрғындар «102» операторына немесе 98-23-23, 98-21-55, 98-22-05 телефондары арқылы хабарласа алады.