Ауыл тыныштығы күзетінде: учаскелік инспектордың бір күні
Ауыл тыныштығының тірегі — учаскелік полиция инспекторы. Мичурин ауылдық округіндегі тәртіп пен қауіпсіздік Данияр Қазидің сенімді қолында. Оның күнделікті жұмысы — балалар мен ересектердің амандығынан бастап, жолдар мен егістік алқаптардағы тәртіпті қадағалауға дейінгі ауқымды міндеттермен өріледі. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Жазғы науқан кезінде тәртіпті сақтау жұмысы күшейе түседі. Қазиде түнгі рейдтер мен ауыл шаруашылығы мүлкін қорғауға бағытталған тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі. Ауылға демалысқа келген балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Ол балаларға жолда ойнауға болмайтынын, қаңырап бос тұрған ғимараттарға, қоқыс алаңдарына және қараңғы жерлерге бармау керектігін үнемі ескертіп отырады. Ертіс өзенінің маңайындағы қауіпсіздік те оның бақылауында — бұл жер жүзуге тыйым салынғанымен, балалар жиі келетін орындардың бірі.
Бес елді мекенді қамтитын округте үш мыңнан аса тұрғын бар. Данияр Қази осы аумақта 18 жылдан бері учаскелік инспектор болып жұмыс істеп келеді. Ол — туған жері Ертіс ауданы Кутузов ауылының тумасы, ІІМ Қарағанды академиясының түлегі.
— Ең бастысы — ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі. Бүгін тұрмысы ауыр, әлеуметтік тәуекел тобына жататын отбасына барамын. Балалардың амандығын тексеру қажет. Бұл — жай ғана жұмыс емес, бұл — жүрекпен атқарылатын міндет, — дейді майор Данияр Қази.
Қазір оның бақылауында 18 әлеуметтік осал отбасы бар. Бұдан бөлек, 38 ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен балалар демалатын "Балдәурен" лагері, "Асар" медициналық-реабилитациялық орталығы, сондай-ақ психоневрологиялық көмек көрсететін орталық та осы учаскеде орналасқан. Барлық мекемелер мен тұрғындар — инспектордың күнделікті назарында.
Учаскелік инспектордың бір күні — ондаған міндет пен жүздеген қадам. Ауыл ішінде жүргенде ол әр тұрғынды танып, әр қозғалысты қалт жібермейді. Ал ауыл жұртшылығы бір нәрсеге сенімді: Данияр Қази — ауылдың тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі.