Ауылдағы қауіпсіздік: Атырау облыстық ПД бастығы учаскелік полиция жұмысын тексерді
Атырау облыстық ПД бастығы ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев Талқайраң және Ақсай ауылдық округтеріндегі учаскелік полиция инспекторларының жұмыс барысымен танысты. Кездесу аясында ол жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін де тыңдады.
Полиция қызметі – қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігінің басты кепілі. Бұл салада учаскелік инспекторлардың атқаратын рөлі ерекше. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында да бұл қызметтің маңыздылығына арнайы тоқталған болатын.
Бүгінде Атырау облысында 285 учаскелік инспектор әкімшілік аумақтарға бөлініп, халықпен тығыз жұмыс атқаруда. Соның нәтижесінде кейбір округтерде соңғы бес жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген, ал кейбір ауылдар алкоголь өнімдерінен толықтай бас тартқан.
Кездесу барысында Нұрхат Оразбаев құқық бұзушылықтың алдын алу мен профилактикалық шаралардың маңыздылығын атап өтті.
– Заң мен тәртіп әр ауладан, әр көшеден, әр ауылдан басталады. Полиция қашанда қоғам тыныштығы үшін аянбай қызмет етеді. Биылғы жыл ішкі істер министрлігі тарапынан Профилактика жылы деп жарияланды. Сондықтан біз қылмыстың алдын алуға, жолын кесуге басымдық береміз, – деді өңірдің бас полицейі.
Сондай-ақ кездесуде ауылдық округтердегі жол қозғалысы қауіпсіздігі, қараусыз үй жануарлары мәселесі, балалардың қауіпсіздігі сынды маңызды тақырыптар қозғалып, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.