Ауылдасының үйіне ұрлыққа түскен азамат ұсталды
Қызылорда облысында ауылдасының үйіне ұрлыққа түскен азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың қаңтар айының 9-ынан 10-ына қараған түні сағат 03:30-да Жалағаш ауданы Шаменов ауылының 56 жастағы тұрғыны Қызылорда облысы ПД Жалағаш ауданының полиция бөліміне үйінің ауласында орналасқан сарай ішінде тұрған ағаш кесетін электр арасын (пчелка) белгісіз біреудің ұрлап кеткені туралы хабарлаған.
Хабарлама бойынша оқиға орнына бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Нартай Ешпанов барып, орын алған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында тиісті жұмыстар атқарды.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде осы қылмысты жасауға күдікті ретінде Жалағаш ауданының 35 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Айғақ зат алынып, иесіне қайтарылды. Күдікті қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармақшасына сәйкес (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Жәбірленуші Жалағаш ауданы полиция бөлімінің қызметкерлеріне өз ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.