Ауылдың тыныштығын күзеткен полицейдің қызмет жолы
Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылы – көпке үлгі боларлық тыныш тірлігімен, бірлігімен ерекшеленетін елдімекен. Ауылдың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігіне жауапты учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбек Таутекин 2020 жылдан бері осы өңірдің тыныштығын күзетіп келеді. Құқық қорғау саласындағы қызметін 2009 жылы Жылыой аудандық полиция бөлімінде бастаған ол, бүгінде ауыл тұрғындарының сеніміне ие болған азамат. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Тұрғындар тәртіп сақшысының өзге ауылға ауысып кетуінен қауіптеніп, оны ауылдың ажырамас бір бөлшегіне балап отыр. Бала күнінен нысанды киім киіп, полиция қызметкері болуды армандаған Нұрлыбек Амангелдіұлының басты ұстанымы – қылмыстың алдын алып, болдырмау. Бұл мақсатта ол ауылдың жағдайын терең зерттеп, қауіп төндіруі мүмкін факторларға талдау жүргізіп отырады.
Соңғы бес жылда алғаш рет ауылда мал ұрлығына қатысты арыздар тіркеліп, ол бұл қылмыстың бетін ашуға белсенді кіріскен. Нәтижесінде, жайылымнан ірі қара ұрлаған, бұрын сотталған барымташыны 12 эпизод бойынша әшкерелеп, қолға түсірген. Қылмыскер көршілес ауылдың қыстағынан келіп әрекет еткені анықталған.
– Ауылда қызмет ету – жай ғана тәртіпті бақылау емес, әр отбасының тыныс-тіршілігіне үңіле білу. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындарға құқық бұзушылықтың салдарын түсіндіру – күнделікті жұмысымның бір бөлігі. Әсіресе, мал жайлауға немесе қыстауға көшкен кезде қырағылықты күшейту аса маңызды, – дейді полицей.
Орталықтан алыста орналасқанына қарамастан, ауылда құқықтық түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Интернет-алаяқтық, жол қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды мәселелер үнемі назарда. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы да тұрғындармен кері байланыс орнатылып келеді.
– Қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпау қажеттігін ескертіп отырамын. Заманауи техника дамыған заманда ауыл тұрғындары да ақпараттан қалыс қалмауы тиіс, – дейді тәртіп сақшысы.
Қызметіне адалдықпен қараған Нұрлыбек Таутекин кәсіби міндетін атқаруда адамгершілік пен әділдікті ту етеді. Оның пайымынша, ел алғысы – ең үлкен марапат.