«Автобус» іс-шарасы өткізілуде
Қарағанды облысында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20-22 қаңтарда Қарағанды облысының аумағында полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық бөлімшелерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Оның мақсаты – жолаушылар мен жүк тасымалдайтын жүргізушілердің көліктік тәртібін жақсарту, сондай-ақ автобус бағыттарына бақылауды жетілдіру.
Осы шара барысында облыс жолдарында полиция жасақтарының саны артты. Тәртіп сақшылары еріктілердің, қоғам мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтер өткізуде. Олар тек қоғамдық көлік жүргізушілеріне ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысының барлық қатысушыларына бақылауды күшейтті.
Айта кету керек, өткен жылы полиция қызметкерлері автобус жүргізушілері жол берген 943 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 110 фактісі автобус жүргізушілерінің көлік құралдарын басқару кезінде ұялы телефондарды қолдануы, 67-сі жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырусыз бағыттарға шығуы болып табылады.
Сонымен қатар, полицейлер жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 11 фактісін тіркеді, жылдамдықты бұзудың 17 фактісі және міндетті техникалық байқаудан өткізбестен көлік жүргізудің 12 фактісі анықталды.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол ережелерін сақтауға, жолдарда қырағылық танытып, мұқият болуға, жол қозғалысының барлық қатысушыларына құрметпен қарауға шақырады.