«Автобус» операциясының екі күнінде СҚО жолдарында жол қозғалысы ережелерінің 128 бұзушылығы анықталды
«Автобус» операциясының екі күнінде СҚО жолдарында жол қозғалысы ережелерінің 128 бұзушылығы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы аптадан ел аумағында 10 күндік «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Патрульдік және әкімшілік полиция, учаскелік полиция инспекторлары – іс-шараға барлық жетекші қызметтер тартылған. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – жүргізушілердің және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттылықты төмендету.
Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалау және жолаушылар көлігінің техникалық жай-күйіне мониторинг жүргізу – дүйсенбіден қалада және аудан аумақтарында арнайы рейдтер мен тексерістер жүргізілуде. Басты назарда тек қалалық және қалааралық бағытта жүретін автобустар ғана емес, такси қызметтерінің автокөліктері де бар.
Жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғалы екі күннің ішінде облыс жолдарында Жол қозғалысы ережелерінің 128 бұзушылығы анықталды. Оның 35-і рөлде телефонмен сөйлесу, 19-ы маневр жасау ережелерін бұзу, 9-ы техникалық тексерістен өтпеген автоны пайдалану. Сондай-ақ, екі күннің қорытындысы бойынша бір жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны үшін ұсталған.
Жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты – бұзушылық саны емес, автобус, такси, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігін және жағдайын қамтамасыз ету бойынша сапалы ұйымдастырушылық жұмыс жүргізу, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Ағымдағы жылғы қаңтар айында облыс аумағында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 6 адам қаза тауып, 20 адам жарақат алған. Жыл басынан облыс аумағында жолаушылар көлігінің қатысуымен ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ.
«Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 2 наурызға дейін жалғасады.