Автокөлік бөлшектерін сатып алмақ болған Балқаш тұрғыны алаяққа ұрынды
Автокөлік бөлшектерін сатып алмақ болған Балқаш тұрғыны алаяққа ұрынып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 ақпанда Қарағанды облысы Балқаш қаласының полиция бөліміне 42 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, сайттардың бірі арқылы автокөлік бөлшектерін сатып алмақ болған. Сатушыны тауып, оған 1 миллион 247 мың теңге аударған. Бірақ белгіленген уақытта қажетті саймандар келмеген. Алданып қалғанын түсінген арызданушы полицияға хабарласқан. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
8 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері күдікті Алматы облысының 27 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол қылмысын мойындады. Сот ұсталғанға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын қабылдады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында полицейлер күдіктінің осыған ұқсас тағы бір қылмысқа қатысы барын анықтады. Ол қаңтар-наурыз аралығында Алматы облысының 36 жастағы тұрғынына интернет арқылы жалпы сомасы 828 мың теңгені құрайтын төрт онлайн несие рәсімдеген.