Автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін ұрлаумен айналысқан екеу ұсталды
Қарағандылық полицейлер шетел автокөліктерінің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін ұрлаумен айналысқан ұрыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта шетелдік автокөлік иелерінің белгісіз біреулердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін ұрлап, кейін қайтару үшін ақша талап еткені туралы шағымдары көбейіп кетті.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшылығы осы қылмыстарды жасауға күдікті тұлғаларды ұстау мақсатында түнгі рейдтер өткізетін жедел-іздестіру топтарын құрды.
Ұрлық фактілеріне талдау жасау барысында полиция қызметкерлері қылмыстың аталған түрінің көп жасалған аумағы Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс ауданы екенін анықтады. Сондықтан полиция қызметкерлері осы аумаққа баса назар аударып, жұмыстар атқарды. Күнделікті өткізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
– 8 желтоқсан күні таңғы сағат 05.00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Язев көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласында тұрған көліктердің бірінен тіркеу нөмірін шешіп жатқан 18 және 20 жастағы екі азамат ұсталды. Тексеру барысында олардан тоғыз нөмір тәркіленіп алынды. Сондай-ақ ұсталғандар Қарағанды қаласында автокөліктерден тіркеу нөмірлерін ұрлаудың 29 фактісін мойындады, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.
Қазіргі таңда ұсталған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-тармағына (Қорқытып алу) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары өткізілуде.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті көлік иелеріне көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі ұрланған жағдайда дереу полицияға хабарлау керектігін еске салады.