Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Автоматты санаулы секундта шашып-жинаған атыраулық оқушы кадеттерге үлгі болды

Автоматты санаулы секундта шашып-жинаған атыраулық оқушы кадеттерге үлгі болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы Жылыой ауданында ерекше тәрбиелік мәні бар іс-шара өтті. Өз шеберлігімен әлеуметтік желіде танылып, көпшіліктің ықыласына бөленген Мадина Қаримова "Жас сақшы" кадет сыныбының оқушыларына арнап шеберлік сабағын өткізді.

Мадина бұған дейін аудандық мерекеде Калашников автоматын санаулы секундта бөлшектеп-жинау шеберлігімен көзге түсіп, жұртшылықтың зор қошеметіне ие болған еді. Осы жолы ол өз тәжірибесімен бөлісіп, болашақ қорғаушыларға үлгі көрсетті.

Шара Жылыой аудандық полиция бөлімі мен білім беру ұйымының бірлесуімен ұйымдастырылды. Сабақ барысында кадет сыныбының тәрбиеленушілері саптық даярлық, әскери машықтар мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салып, білім мен тәртіпке деген ынталарын танытты. Іс-шараның маңызды бөлігі — ант қабылдау мен кадет куәліктерін табыстау рәсімі болды.

Айта кету керек, Мадина — "Кадет" сыныбының түлегі, "Жас сарбаз" клубының белсенді мүшесі, республикалық байқаулардың жеңімпазы, "Жас патриоттар академиясы" орденінің иегері.

Іс-шара соңында ерекше белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар Жылыой аудандық полиция бөлімі тарапынан марапатталды. Бұл кездесу жас буынға патриоттық рух сыйлап, құқық қорғау саласына деген қызығушылықты арттырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру