Аягөзде жасалған ауыр қылмысқа заңды баға берілді
Уақыт өткенмен, әділет ұмытылмайды. Аса ауыр қылмыстарға құқықтық баға беру мерзімге тәуелді емес екенін дәлелдеген істердің бірі - 2003 жылы Аягөз қаласында жасалған кісі өлтіру дерегі. Араға жиырма жылдан астам уақыт салып, бұл қылмыстық іс қайта зерделеніп, оның барлық мән-жайы заң аясында толық айқындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Серік Какимов қылмыстық іс материалдарын жан-жақты әрі мұқият қайта қарап, оқиғаның құқықтық бағасын берді. Тергеу барысында 2003 жылғы 4 шілдеде 39 жастағы ер адамның алкогольдік масаң күйде кенеттен туындаған жанжал кезінде танысына қарсы аса ауыр қылмыс жасағаны анықталды.
Жанжал барысында күдікті 41 жастағы жәбірленушіге қолымен, аяғымен, сондай-ақ шыны бөтелке мен ауыр тас секілді қолданылған заттармен бірнеше рет соққы берген. Нәтижесінде жәбірленуші өмірмен сыйыспайтын ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыс жасалғанына ұзақ жылдар өткеніне қарамастан, тергеу органдары істің барлық материалдарына толық құқықтық және дәлелдемелік талдау жүргізді. Тергеуші Серік Какимовтің жетекшілігімен оқиға орнын қарау хаттамалары, сот-медициналық және өзге де сараптамалардың қорытындылары, куәлардың айғақтары, сондай-ақ бастапқы тергеу барысында жиналған өзге де дәлелдер қайтадан жан-жақты зерттелді.
Сараптамалық қорытындылар жәбірленушінің өлімі қасақана жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерінің салдарынан, өмірге қауіпті ауыр дене жарақатын алу нәтижесінде болғанын толық растады. Жиналған дәлелдемелер қылмыстың жасалу тетігін, қолданылған күштің сипатын және күдіктінің әрекеттері мен өлім арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланысты нақты айқындауға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, қылмыстық іс дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты емес, тек қылмыстық-процестік заңнамада көзделген негіз бойынша — қылмыс жасаған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылды. Бұл ретте күдіктінің кісі өлтіру қылмысын жасағаны іс бойынша жиналған жеткілікті әрі заңды дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте жүргізілді. Процеске қатысушылардың құқықтары толық көлемде сақталып, қабылданған шешімге қатысты қарсылықтар мен өтініштер түскен жоқ.
Бұл іс - уақыттың өтуі ауыр қылмыстарды жауапкершіліктен босатпайтынының айқын дәлелі. Абай облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі Серік Какимовтің кәсіби әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде көп жыл бұрын жасалған қылмыстың барлық мән-жайы объективті түрде анықталып, оған тиісті құқықтық баға берілді.
