Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Аягөзде жедел басқару орталығы ашылды

Абай облысының Аягөз ауданында  жедел басқару орталығы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Аягөз қаласында заманауи жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына Абай облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ернар  Базаров жетекшілік етті. Салтанатты шараның құрметті қонағы – Аягөз ауданының әкімі Данияр Шакарымов азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғары технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Қазіргі таңда қала көшелері мен қоғамдық орындарға 120 бейнебақылау камерасы орнатылып, олар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл жүйе кез келген оқыс оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарады. Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында 10 стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғы іске қосылды. Сонымен қатар, пилоттық жоба аясында жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін заманауи Ekin Patrol G2 мобильді кешендері қолданысқа енгізілуде. Бұл инновациялық құрылғылар нақты уақыт режимінде заң бұзушылықтарды анықтап, жол қозғалысы жағдайын талдау мүмкіндігіне ие.

– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жыл  "Профилактика жылы" деп жарияланды. Аягөз қаласында жедел басқару орталығының ашылуы – қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтың алдын алу жолындағы маңызды қадам. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету, – деп атап өтті Ернар Базаров.

Жаңа жедел басқару орталығы – қаланың қауіпсіздік жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңі. Бұл бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті күшейтуге және тұрғындардың қауіпсіздігін жаңа технологиялар арқылы қамтамасыз етуге бағытталған. Енді Аягөз халқы бейбіт өмір сүріп, өздерін сенімді сезіне алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру