Аяз құрсауынан аман қалған әйел өз құтқарушысын Полиция күнімен құттықтады
Аяз құрсауынан аман қалған әйел өз құтқарушысын Полиция күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы ҚАЖД мекемесінде Полиция күні қарсаңында жүрек тебірентерлік кездесу өтті. Суықта ажал аузынан аман қалған азаматша өз өмірін сақтап қалған қылмыстық-атқару жүйесі қызметкеріне алғыс білдіріп, кәсіби мерекесімен арнайы құттықтап келді.
Оқиға 2025 жылдың желтоқсанында болған. Сол күні кешкілік ауа райы күрт суытып, қыстың қақаған аязы әдеттегіден де күшейген болатын. Тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің аға инспекторы, әділет капитаны Бекзат Манапов қызметтен қайтып келе жатқан сәтінде, жол жиегінде қатып қалуға шақ қалған әйелді байқайды. Бір сәт те кідірместен, ол көлігін тоқтатып, әйелге алғашқы көмек көрсетіп, үйіне дейін жеткізеді. Дер кезінде көрсетілген жанашырлық пен шұғыл әрекет салдарынан әйелдің денсаулығына айтарлықтай зиян келмей, аман қалған еді.
Араға айлар салып, телеарнадан Полиция күні қарсаңындағы жаңалықтарды көрген Майра Нұрпейісова өзінің өмірін құтқарып қалған Бекзат Манаповты құттықтау үшін арнайы келуді жөн санайды. ҚАЖД мекемесінің әкімшілігі оған құрметпен қарсы алып, ризашылығын білдіруге мүмкіндік жасады.