Азаматтардың өтініші жауапсыз қалмау керек
Бүгінде ресми тәртіпте өтініш жасау, яғни мемлекеттік органмен бірге проблемалық мәселені шешудің тиімділігін жетілдіру басты назарда. Осы ретте, ІІМ азаматтар өтініштерімен жұмысты жетілдіруде қандай шаралар қабылдап жатыр? Азаматтардың өтінішіне дер кезінде жауап беріле ме? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ІІМ құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Әсем Мәзімованың берген жауабын Polisia.kz редакциясы ұсынады.
Қоғамда кезегін күткен әлеуметтік мәселелер жеткілікті. Қазіргі таңда халықтың мұң мұқтажына құлақ түретін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылы 2 қыркүйекте «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініштерін жедел әрі тиімді қарастыру қажеттілігі жайында баса айтқан болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру барысында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық-процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасымен реттелетін арыздар мен шағымдарды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қаралу тәртібін реттейтін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енді. Осы құжатқа сай азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініш білдіру тәртібін толық көлемде жеңілдетуге және өтініштерді қарауға бақылауды жақсартуға арналған «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылды, – деді Ә. Мәзімова.
Спикердің айтуынша, Е-өтініш» ақпараттық жүйесіне келіп түсетін азаматтардың арыздарының саны жыл сайын артуда. Биылдың өзінде бұл жүйеге азаматтардан 12 мыңнан астам өтініш түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артық көрсеткіш.
Сондай-ақ спикер аталмыш жүйе арқылы өтінішті қалай жолдауға болатынын тілге тиек етті.
– «Е-өтініш» ақпараттық жүйесінде өтініш беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталық бөлімшелеріндегі «Нәтиже» өтініштерді қабылдау орталықтарына, әкімдік пен әкімшілік органға жүгінумен қатар, eGov.kz электрондық үкімет порталы, «eGov mobile» мобильді қосымшасы, «e-Otinish» азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы жолдай алады, – деді ҚР ІІМ қызметкері.
ҚР ІІМ құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Әсем Мәзімова өтініштерді қарау тәртібін, «Е-өтініш» ақпараттық жүйесінде өтініштер қанша уақыт қаралу тиіс екенін айтып берді.
– Әр өтініштің заңнамаға сәйкес өз қаралу мерзімі бар. Мәселен, арыз, хабарлама, үн қосу, ұсыныс, сұрау салу негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні, шағымды қарау мерзімі ол келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды. Адвокаттық сұрау салу он жұмыс күні ішінде қаралады. Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуына жауап жеті жұмыс күні ішінде ұсынылады. Атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты сот орындаушыларының сұратулары үш жұмыс күні ішінде қаралады. Тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі шағымы тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралу керек.
Өтініштерді қабылдаудың бірыңғай терезесі ретінде «Е-өтініш» ақпараттық жүйесін институттандырумен байланысты «Е-өтініш» ақпараттық жүйе арқылы кез келген мемлекеттік органға өтініш жазуға болады. Егер өтініште көтерілген сұрақтар мемлекеттік органның өкілеттігіне кірмеген жағдайда келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті уәкілетті әкімшілік органға жолданады.
– Маңыздысы – бұл жүйеге келіп түскен барлық өтініштер мемлекеттік органда қатаң есепте және бақылауда болады. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға түскен өтініштердің бәрінің бірыңғай базасын құруға мүмкіндік береді. Платформа өтініш берген азаматттың өз өтінішін жіберілген кезден бастап жауап алғанға дейінгі аралықта қарау барысын бақылауға және өзі бақылауға мүмкіндік береді. «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы шағым немесе арыз берген кезде түпкілікті шешім қабылданғанға дейін мемлекеттік орган өтініш иесіне алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге құқылы. Мемлекеттік органның соңғы жауабын алғаннан кейін өтініш иесі оның қаншалықты қанағаттанғанын бағалай алады, – деп сөзін аяқтады Әсем Мәзімова.