Азаматтардың құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан полиция қызметкері
Ішкі істер органдарында қызмет ететін нәзік жанды әйелдер саны жыл санап артып келеді. Олар қоғамдағы қауіпсіздікті сақтап, азаматтардың құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек етеді. Сол нәзік жанды қызметкерлердің бірі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы Рысты Жоламанқызы туралы бүгін Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Рысты Жоламанқызы ішкі істер саласына 2007 жылы келген. Таңдаған кәсібі – саналы шешім болғанын айтады. Бала кезінен әкесінің қолдауы мен сенімі оның өмір жолына бағыт берген. “Ішкі істер саласын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Бұл менің өмірлік таңдауым”,– дейді полиция қызметкері.
Қызметке алғашқы қадам жасаған кезінен бастап ол өзіне нақты мақсат қойып, әр істі жауапкершілікпен атқаруды ұстанған. Бүгінде 19 жылдан астам тәжірибесі бар Рысты Жылыой ауданы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы лауазымында қызмет атқарады.
- Біздің қызметте әйел не ер деп бөлінбейді. Полиция қызметкерлері істің мән-жайын тек заң шеңберінде ғана емес, психологиялық тұрғыдан да терең түсіне алады, – деп атап өтті Рысты.
Оның пікірінше, бұл қасиеттер әсіресе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бағытында маңызды. Мұндай жағдайда тек заңды қолдану жеткіліксіз; әр адамның психологиялық жағдайын, сезімін түсіну қажет. Рысты Жоламанқызының тәжірибесі осыны дәлелдейді. Ол әр істі жан-жақты қарастырып, шешім қабылдаған кезде адам тағдырын назардан тыс қалдырмайды.
Күнделікті қызметінде ол әртүрлі күрделі жағдайларға тап болады. Көбінесе азаматтармен жұмыс істеу кезінде эмоцияны басқару, сенім орнату және құқықтық шешімдерді дұрыс қабылдау маңызды.
- Ішкі істер саласында қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Полиция қызметкері үшін ең бастысы – заңға адалдық пен азаматтардың қауіпсіздігі. Әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарау, кәсіби стандарттарды сақтау және командалық жұмысқа бейімделу қызметкердің кәсібилігінің белгісі, – дейді ол.
Рысты Жоламанқызы үш баланың анасы ретінде отбасының маңызын ерекше бағалайды.
- Қызметім тынымсыз болғанымен, отбасым әрдайым бірінші орында. Балаларымның күлкісі барлық шаршағанымды ұмыттырады, – дейді.
Жолдасы Асанмен бірге татулық пен сыйластықты басты құндылық деп санайды, бала тәрбиесіне екеуі тең дәрежеде қатысады. Бұл үйлесімділік отбасылық берекені сақтаумен қатар, кәсіби табысты да қамтамасыз етеді. Рысты Жоламанқызының айтуынша, отбасының қолдауы болмаса, полиция қызметінде табысты болу қиын болар еді. Заңгер мамандығы тәртіп пен уақытты тиімді басқаруды қажет етеді. Ал ана, жар және полиция қызметкері рөлін қатар алып жүру – үлкен жауапкершілік.
Рысты Жоламанқызы әр істі адам тағдырын ескере отырып шешуге тырысады. Оның пікірінше, кәсіби табыс пен отбасылық өмірді ұштастыру ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибенің нәтижесі. Осындай қызметкерлердің еңбегі арқылы азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі нығайып, қоғамдық қауіпсіздік ісі жүйелі түрде жүзеге асуда.
