Азия чемпионатында павлодарлық полицей алтын медаль иеленді
Азия чемпионатында павлодарлық полицей алтын медаль иеленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласында күш спорт түрлерінен өткен Азияның ашық чемпионатында Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Әсел Абдраманова мен ішкі істер органдарының ардагері Қанат Шакуов сәтті өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Ауқымды турнир бағдарламасына стритлифтинг, армлифтинг, Hip Thrust, пауэрспорт сынды бірқатар күштік спорт түрлері енгізілген. Жарыс барысында ПД ПКБ нұсқаушысы Қанат Шакуов халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындап, екі бірдей алтын медаль иеленді. Ал Әсел Абдраманова жүк көтеру және классикалық Hip Thrust санатында Қазақстанның жаңа рекордын орнатып, екі алтын медаль жеңіп алды.
– Бұл жеңіс мен үшін үлкен мәнге ие. Әрбір нәтижеге табанды еңбектің, қатаң тәртіп пен үздіксіз дайындықтың арқасында қол жеткізілді. Алда бұдан да биік мақсаттарға жетуге ниеттімін, – дейді чемпион Әсел Абдраманова.
Айта кету керек, полиция қызметкерлері ұзақ жылдар бойы спортпен шұғылданып, өңірлік және республикалық деңгейдегі жарыстарға белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ олар полиция департаменті ұйымдастыратын спорттық іс-шаралардың бел ортасынан табылып жүр.
Біз өз спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Олардың әрбір жеңісі – тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігімен қатар, жан-жақты дамыған тұлға екендігінің дәлелі. Алдағы жарыстарда да байрақты бәсекелерде оза шауып, жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілектеспіз.