Бәйдібектік полицейлер қайырымдылық жұмыстарына өз үлесін қосты
Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің тергеу және анықтау құрылым қызметкерлері Шаян ауылындағы аудандық орталық ауруханасына арнайы барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қазіргі таңда ел ішінде «тәжтажал» аталып кеткен індеттің таралуын болдырмау, карантин талаптарының сақталуы барысында қарқынды жұмыс жүргізуде. Осы тұста айта кетер жайт, полицейлер тек бұл бағытта ғана қызмет етпей, қайырымдылық жасауға да уақыт табуда. Кәсіби міндеттеріне адал құқық қорғаушылар үнемі қауіптілігі мен қиындығы болып тұратын қызметтерінен бөлек, сауапты іске жұмылып, көмекке мұқтаж тұрғындарға материалдық көмек беруде.
Мәселен, Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің тергеу және анықтау құрылым қызметкерлері Бәйдібек ауданы Шаян ауылында орналасқан аудандық орталық ауруханасына арнайы барды. Онда COVID-19 ауруымен емделіп жатқан науқастарға және оларды емдеп жатқан дәрігерлерге иммунитеттерін көтеру мақсатында сүт өнімдері: қымыз, қымыран, айран секілді ұлттық сусындар мен жеміс-жидектер жеткізіп, қолдарынан келгенше қайырымдылық көмек көрсетті.
Аурухана ұжымы мен емделуші тұрғындар тәртіп сақшыларының істеріне тәнті болып, жұмыстарына табыс тіледі. Полиция қызметкерлеріне жылы лебіздерін жеткізіп, үлкен алғыстарын айтты.