Бәйдібектік полицейлер заңсыз қару сақтаған тұрғынды ұстады
Бәйдібектік полицейлер заңсыз қару сақтаған тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ-нің қызметкерлері ақпан айының 13-і мен 20-сы күндері аралығында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында біршама құқық бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, полиция қызметкерлері Борлысай ауылдық округіне қарасты Ақтас ауылының шығыс беткейінде орналасқан мал қораны тексеру кезінде 16 калибрлі аңшы мылтығын табады. Содан тәртіп сақшылары қаруды толық тексеріп, оның ҚР ІІО-на тіркелмеген, яғни заңсыз екенін анықтады.
Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда аталған іс сотқа жолданды.
Оған қоса Бәйдібек ауданының полицейлері рейд барысында, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаудың жалпы үш жайтын анықтап, қаруларды айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Оларға қатысты 482-баппен әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара көрілу үшін аудандық сотына іс-құжаттар жолданған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ерікті түрде тіркелмеген қаруды ішкі істер органдарына тапсыруға кеңес береді. Егер сізде қаруды заңсыз сақтау мен сату жайттары туралы ақпарат болса, тез арада полицияға хабарласыңыз.