Байқоңырда ірі техника дүкенінен жасалған ұрлық ашылды
Сауда үйінен электронды қол сағат, телефон қуаттағышын және ноутбукке арналған сөмкені ұрлаған Байқоңыр қаласының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 наурыз күні кешкі уақытта ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігіне Байқоңыр қаласының тұрғынынан арыз түскен. Ол өз арызында Төретам кентіндегі «Сулпак» техника дүкенінен сатылымда тұрған электронды қол сағаттың, телефон қуаттағышы мен ноутбукке арналған сөмкенің қолды болғанын көрсеткен.
Өткізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысты жасауға қатысы бар күдікті анықталып, ұсталды. Байқоңыр қаласының 18 жастағы тұрғыны өкілдіккке жеткізіліп, ол қылмысын мойындады.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.