Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бала арманын жүзеге асырған ҚАЖД қызметкерінің еңбек жолы

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №68 мекемесінде қызмет атқаратын әділет сержанты Гүлдана Балабатырова — бала күнгі арманын шындыққа айналдырып, ана жолын абыроймен жалғап келе жатқан жан. Қызмет пен отбасыны үйлестіре білген жауапты маман бүгінде ҚАЖ саласында табанды еңбегімен көзге түсіп жүр. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 68/1 мекемесінде абыройлы қызмет атқарып жүрген әділет сержанты  Гүлдана  Балабатырова үшін нысанды киім — жай ғана қызметтік форма емес, бұл — бала күнгі асыл арманының, ананың өнегелі жолының, отбасылық дәстүр мен құндылықтың айқын көрінісі.

Гүлдананың анасы —  Ділдәгүл Әбдиева ҚАЖ саласында жиырма жылға жуық уақыт бойы тергеу изоляторының медицина бөлімінде медбике болып еңбек етіп, капитан шенінде зейнеткерлікке шыққан жан. Анасының қызметтік киімін киген сәттері кішкентай Гүлдананың жүрегіне балаң арман ұялатып, болашақ бағытын айқындап берген болатын.

— Бала күнімде анамның нысанды киімін көріп, ерекше қызығатынмын. Сол кезден бастап өзімді сол қызметте елестетіп, “Мен де осындай болам” деп армандайтынмын, — дейді бүгінде кәсібіне берілген, өмірлік рөлін таба білген Гүлдана Сәтбайқызы.

2010 жылы ҚАЖ саласындағы еңбек жолын қаржымен қамтамасыз ету тобында есепші болып бастаған ол, он жылдай қаржы бөлімінде жұмыс істеп, кейін арнайы есепке алу бөлімінің есепші-технигі лауазымына ауысады. Қазіргі таңда әділет сержанты шенінде сотталғандарды айдауылдауға арналған құжаттарды әзірлеу, сот пен құқық қорғау органдарына тиісті хабарламаларды жолдау сынды жауапты міндеттерді абыроймен атқарып жүр.

— Бұл сала әйел адам үшін оңай емес. Дегенмен мен өзім таңдаған жолымнан еш өкінбеймін. Себебі отбасым, жолдасым әрдайым қолдау көрсетеді. Бұл — мен үшін ең үлкен тірек, — дейді ол.

Үш баланың аяулы анасы, жауапкершілігі зор мамандық иесі ретінде Гүлдана Сәтбайқызы қызмет пен отбасылық өмірді ұштастыра білген жан. Оның табандылығы мен мейірімге толы болмысы — жас ұрпаққа үлгі боларлықтай.

Ана жолын жалғап, бала арманын ақиқатқа айналдырған Гүлдана — ҚАЖ саласында еңбек етуді абырой санайтын, еліне қалтқысыз қызмет етуді өмірлік мақсат еткен азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру