Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бала қауіпсіздігі – басты назарда: елорда полицейлері кеңес өткізді

Астана қаласының полицейлері білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесе отырып, мектеп, колледж директорлары мен спорттық секция жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңесте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтық білімдерін арттыру шаралары талқыланды. Шара барысында жастардың қазіргі кездегі мәселелері – құмар ойындарға тәуелділік, есірткі қылмыстарына тартылу, интернет алаяқтықтары қаралды. Жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуын болдырмау үшін алдағы профилактикалық шаралар талқыланды.

Жыл басынан бері құқық бұзушылықтар үшін полицияға 5 мыңнан  астам кәмелетке толмаған жеткізілді, оның ішінде түнгі уақытта көшеде жүргені үшін 3320 баланың ата-анасы жауапқа тартылғаны атап өтілді. Жыл басынан бері 186 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 190 бала қылмыстың құрбаны болған. Осыған байланысты осындай оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылданды.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында білім беру мекемелерінде тұрақты түрде лекциялар мен дөңгелек үстелдер өткізеді. Профилактикалық шаралар аясында жастардың жиналатын орындары тексеріліп, сондай-ақ балалардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта көшеде және қоғамдық орындарда болуына жол берілмейді.

Еске сала кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін жаза қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының “Баланың құқықтары туралы” Заңына сәйкес бала тәрбиелеу мен оған қамқорлық жасау – ата-ананың міндеті. Осыған орай, елордалық полиция ата-аналарды балаларын назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру