Бала қауіпсіздігін басты назарға қойған тәртіп сақшысының бір күні
Бала қауіпсіздігін басты назарға қойған тәртіп сақшысының бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын инспектордың жұмысы үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Қоғам үшін ерекше маңызға ие бұл қызметтің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, оларды теріс жолға итермелейтін факторлардың алдын алу және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды атқару. Ювеналды полиция қызметкері Қуаныш Базарбаевтың күнделікті қызметі осы міндеттерді жоғары деңгейде орындаумен сипатталады.
Қуаныш Базарбаевтың әр күні таңертеңгілік жоспар құрудан басталады. Қай аумаққа бару, қандай мектептер мен оқу орындарында тексеру жүргізу қажет екенін анықтап, жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелесу, көшелерде түсіндірме жұмыстарын жүргізу – оның қызметінің бір бөлігі ғана. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күнделікті атқарылатын бұл жұмыстардың мәні терең.
Қуаныш Базарбаев бала күнінен-ақ өзіне үлкен мақсаттар қойған. 1981 жылы 12 қазанда Атырау қаласында дүниеге келген оның жастайынан-ақ бойында жауапкершілік пен отаншылдық қасиеттері қалыптасты. 1999-2004 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тарих және география пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, кейін Атырау мұнай және газ институтында оқытушылық қызмет атқарды. Ол осы кезеңде бірнеше буын ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиелік бағытта үлгі бола білді.
Ұстаздық қызметпен қатар, Қуаныш Базарбайұлының жүрегінде құқық қорғау саласында қызмет етуге деген үлкен арман жатты. 2006-2007 жылдары Ақтау қаласындағы 25744 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп, 2008-2010 жылдары туған университетінің магистратурасын тәмамдап, тарих магистрі атанды. Кейінгі жылдары ол Атырау мұнай және газ институтында тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары, студенттік бөлімнің басшысы, музей директоры сынды жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды.
Өзінің еңбегімен елге танылып, білім мен тәрбие саласына қосқан үлесі үшін құрметке бөленген Қуаныш Базарбаев 2015 жылы құқық қорғау саласына бет бұрып, арманын жүзеге асыра бастады. Бүгінде ол Атырау қалалық полиция басқармасында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы қызметін мінсіз атқаруда. Жасөспірімдерге қатысты келіп түсетін әрбір қоңырауға жедел әрекет етіп, мәселені оң шешуге ұмтылатын тәртіп сақшысы үшін халықпен жұмыс істеу – басты міндет.
Қуаныш Базарбайұлы – адалдықты ту еткен, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген азамат. Оның қызметі – қоғам үшін үлгі, ал ерік-жігері мен қажырлылығы талай жастың жүрегіне отаншылдықтың ұшқынын себеді.
https://youtu.be/yJ-ginDHloM?si=iyDMJaRLTwGcCQps