Бала жүрегіне жол: Қостанайда полицейлер ашық есік күнін өткізді
Қостанайда полицейлер балаларға арналған ашық есік күнін өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды қорғау күні қарсаңында Қостанай облыстық полиция департаменті жас өрендер үшін өз есігін айқара ашты. Ауқымды әрі мазмұнды іс-шараға 400-ден астам бала қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, Рудный қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері, “Жас сақшылар” қозғалысының жаңа мүшелері және полиция қызметкерлерінің балалары болды. Күн мерекелік көңіл-күй мен шаттыққа толы өтті.
Департамент аумағында арнайы техника, қару-жарақ және қорғаныс құралдарының көрмесі ұйымдастырылды. Балаларға ерекше әсер қалдырғаны — жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары мен кинологтардың көрсетілімдері. Құқық бұзушыларды ұстау әдістері мен қызметтік иттердің машықтары жас көрермендердің таңдайын қақтырды.
— Мұндай іс-шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық туралы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Біз әрдайым жастармен ашық диалог орнатуға ұмтыламыз, — деді полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев.
Қатысушылар жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, қала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тетіктерін көрді. Сонымен қатар полиция музейіне саяхат жасап, ішкі істер органдарының тарихы мен ерлікке толы жолымен танысты.
Мерекелік атмосфераны аниматорлар мен концерттік қойылымдар жандандырып, спорттық жарыстар көрігін қыздырды. Барлық балақайларға тәтті сыйлықтар табысталды.
№115 мектептің 6-сынып оқушысы Гүлнұр Жеңісбек: "Мен көптен бері полицей болуды армандаймын. Бүгін бұл мамандықтың жай ғана жұмыс емес, елге қызмет ету екенін ұқтым. Енді мен — жас сақшымын, бұл мен үшін үлкен мақтаныш", — деп әсерімен бөлісті.
Мұндай кездесулер балаларды заңға бағынатын азамат етіп тәрбиелеуге, олардың бойында патриотизм мен құқық қорғау саласына деген құрметті қалыптастыруға сеп болары сөзсіз.