Балалар қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет
Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әрбір ата-ананың басты міндеті – өз баласын тәрбиелеу. Ата-ана қамқорлығының болмауы, отбасындағы жайсыз ахуал, баланың лайықты материалдық қамтамасыз етілуінің болмауы, олардың жүріс-тұрысына бақылау жасалмауы жасөспірімнің қоғамға жат әрекет жасауына себеп болуы мүмкін.
Балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында немесе үйден тыс жерлерде ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүруіне жол бермеу мақсатында Павлодар облысының полицейлері рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Мысалы, кезекті рейд барысында Павлодар қаласында сағат 23:45 шамасында қала көшелерінің бірінде жүрген кәмелетке толмаған қыз тоқтатылған. Жасөспірім заңды өкіліне тапсырылып, онымен және анасымен баланың түнгі уақытта үйден тыс жерлерде жалғыз жүруіне жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жүруіне жол бергені үшін 1147 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды өз мекемесінде жіберген көңіл көтеру орындарының иелері де жазалануда. Осы жылдың басынан бері 30 көңіл көтеру орнының иесі әкімшілік жауапқа тартылды.
Түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде жүрген жасөспірімдердің басым бөлігі – 14-16 жас аралығындағы жеткіншектер. Кәмелетке толмағандардың жүріс-тұрысын бақылаудың жеткіліксіздігі қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Статистика бойынша жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстар мен қайғылы оқиғалардың көпшілігі дәл түнгі уақытта болады.
- Кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстары облыстық полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында. Тәртіп сақшылары көңіл көтеру орындарымен қатар есепте тұрған адамдарды да тұрақты түрде тексеріп отырады. Қазіргі таңда облыс бойынша 284 жайсыз отбасы мен 119 қиын жасөспірім тіркеуде тұр, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, - дейді полицейлер.
18 жасқа толмаған азаматтарға түнгі уақытта заңды өкілінің еріп жүруінсіз үйден тыс жүруге тыйым салынады. Атап айтқанда: көңіл көтеру орындарында – сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін, ал тұрғын үйден тыс жерде – сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бұл уақыт аралығында бала заңды өкілімен бірге болуы тиіс.